ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек аудандық сотында ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігіне сәйкес И. деген тұрғынға қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған жүргізуші бұрын көлік басқару құқығынан айырылған. Соған қарамастан, есірткіге мас күйінде автокөлік руліне отырған.
Сотталушы кінәсін мойындап, іс бойынша жиналған дәлелдемелерді дауламады.
- Сот жаза тағайындаған кезде қылмыстың қоғамдық қауіптілігін, сотталушының тиісті қорытынды жасамай, жол қозғалысының басқа қатысушыларына, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіргенін, басқа да мән-жайларды ескерді. Жүргізушіге 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі ең төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Оған қоса ол өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сот ұйғарымын орындамаған ауыл әкіміне шара қолданылғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).