ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында газ ауа қоспасы жарылып, екі адам күйік жарақатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 3 желтоқсан күні сағат 20.15-те Казталов ауданы Талдықұдық ауылында болды.
Жеке үйге «КАЗГИД» ЖШС газ шаруашылығы қызметкерлері газ пешін орнатып жатқан кезде жарылыс болды.
Соның салдарынан қосымша құрылыстың төбесі қирап, терезе әйнектері быт-шыт болды.
Газ ауа қоспасының жарылуынан Орал қаласында тұратын 29 жастағы қызметкер 25 пайыз, 28 жастағы жігіт 15 пайыз күйік жарақатын алды. Олардың екеуі де жедел жәрдем көлігімен Жалпақтал ауылындағы ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полиция қызметкері полиция ғимаратында атылып өлгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).