БҚО-да газ қондырғыларына қызмет көрсететін компания жауапқа тартылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тергеп-тексеру қорытындысы бойынша нарық субъектісі «РЦКУ-Уральск» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің монополияға қарсы заңнаманы бұзғандығы анықталды, деп хабарлайды ҚР ҰЭМ ТМР БҚК-нің баспасөз қызметі.

«ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактісі бойынша «РЦКУ-Уральск» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты тергеп-тексеру амалдарын аяқтады», делінген хабараламада.

Тексеруге аталған ЖШС-ның үйішілік газ қондырғыларына техникалық қызмет көрсету бағасының жоғары болуына қатысты тұрғындардың көптеген арыз-шағымдары себеп болған.

Тергеп-тексеру нәтижесінде, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 1-тармақшасына сәйкес, Қазақстанның монополияға қарсы заңнамасын бұзу фактісі анықталды. Атап айтқанда, «РЦКУ-Уральск» ЖШС үйішілік газ қондырғыларына техникалық қызмет көрсету бағасын негізсіз көтеріп, жоғары баға белгілеген.

Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 159-бабы 3-бөліміне сәйкес, үстем жағдайды асыра пайдалану, яғни монополиялық жоғары бағаларды белгiлеу, ұстап тұру фактісі бойынша әкімшілік іс қозғау туралы шешім қабылданды. Аталған факті бойынша хаттама толтырылып, сотқа жолданды.