ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Алау» ЖШС-ға қарасты автогаз құю стансаларында сұйытылған газ бағасы 38,8 пайызға өсті.
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Клара Әлиеваның айтуынша, «Алау» ЖШС өтінімі бойынша қосымша құн салығынан (ҚҚС) алғанда 1 литр үшін моторлы отын есебіндегі сұйытылған газ бағасы 54,13 теңге көлемінде бекітілді.
Бұдан бұрын «Тәуекел» ЖШС өтінімі бойынша ҚҚС-ға алғанда 1 литр үшін сұйытылған газ бағасы 53,95 теңге көлемінде бекітіліп, газ бағасы 38,3 пайызға артқан болатын.
Еске сала кетейік, бұрын «Алау» мен «Тәуекел» ЖШС-ларының автогаз құю стансаларында баға әр литрге 39 теңгеден болатын. Сұйытылған газ бағасы тек осы қос кәсіпорын бойынша реттеледі, қалғандары бәсекелестік ортаға жіберілген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).