ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданында газдан уланған ана мен сәбидің жағдайы қалыпты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Январцев ауылдық округінің әкімі Абылай Жұмағалиевтің айтуынша, оқиға осы округке қарасты Красноармейск елді мекенінде кеше кешке болған.
Сол ауылда тұратын 1986 жылғы келіншек пен оның төрт айлық нәрестесі үйдегі газ ақауынан уланған. Үйде сол күні адамдар бас қосып, спирттік ішімдік ішілген. Сәбилі екендігіне қарамастан, ішкілікке бой алдырып жүрген Е-нің тұрақты жұмысы жоқ көрінеді.
Абырой болғанда, ана мен бала Дариян ауылындағы аудандық ауруханаға жедел жеткізілді. Бас дәрігер Ғабитжан Ислямов қазір олардың жағдайы қалыпты екендігін, денсаулықтарына ешқандай қауіп төніп тұрмағандығын жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).