ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше сағат 18.23-те Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында орналасқан «Қазмұнайгаз өнімдері» ЖШС-ның жанар-жағар май құю стансасында өрт болып жатқаны жөнінде мәлімет түскен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аудандық ТЖ бөлімінің басшысы Темірхан Қажығалиевтің айтуынша, оқиға орнына өрт сөндірушілер мен басқа қызметтер жедел жеткен кезде «ГАЗель» жүк көлігінің отқа оранғаны белгілі болды. Жанар-жағар май стансасына жақын болғандықтан, сол жер қоршауға алынып, үш бағыттағы жол жабылды.
Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Өрт санаулы минуттарда сөндірілді. 20 минуттан кейін жол қозғалысы қайта жанданды.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінен түскен алдын ала мәліметке қарағанда, өрттің шығуына автокөліктің техникалық ақауы себеп болған.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі мен кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).