ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы 1 қазаннан бастап 59 353 адам жедел респираторлық вирустық инфекцияға (ЖРВИ) шалдыққан.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, соның 42 528-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал 718-і – бір жасқа толмаған сәбилер.
Оған қоса 110 жүкті әйел ЖРВИ-мен сырқаттанды.
Сондай-ақ 181 адамнан тұмаудың А типінің H3N2 вирусы анықталған. Бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден 3,5 есеге көп. Бұлардың басым көпшілігі немесе 129-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар 15 жүкті әйел тұмаумен ауырды.
- Қазіргі таңда облыс бойынша барлық мектептер оффлайн форматында оқып жатыр. БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға алдын алу шараларын ұмытпай, сақ болу керектігін еске салады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда гонконг тұмауына шалдыққандар саны 150-ден асқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).