БҚО-да «Халықтық IPO» бағдарламасын халыққа түсіндіру шаралары аяқталып келеді

None
ОРАЛ. 25 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Халықтық IPO» бағдарламасын халыққа түсіндіру шаралары аяқталып келеді.

Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасында бағдарламаның үйлестірушісі «БҚО жас ғалымдары кеңесі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған басқосуда айтылды.

Облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Есекенованың сөзіне қарағанда, бағдарламаны халыққа түсіндіру жұмыстары биылғы мамыр айында басталды. 53 таныстырылым өткізіліп, 3 қоғамдық дәріс оқылды. Бұл шараларға үш мыңнан астам адам қатысты. Қаладағы сауда орындарында, саябақтарда, үлкен алаңдарда промонүктелер ашылды. Ақпараттық насихатпен айналысатын 49 адам арнайы семинар-тренингке қатысып, сертификат алды. Бағдарлама облыстық басылымдарда, телеарналарда насихатталды. Биылғы ақпараттық науқанның жұмысының нәтижелілігі өткен жылғыдан қарқынды. Өйткені, биылғы түсіндіру жұмыстарынан кейін «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысушы әлеуетті инвесторлар қатары үсті-үстіне толығуда. Инвестициялық компаниялардың мамандары мұны брокерлік шоттардың ашылу динамикасынан көруге болады деседі. Мысалға, «Асыл-Инвест» компаниясында биылғы сәуір-қазан айлары ішінде 10043 жеке инвестор шот ашқан және бұл дегеніңіз өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 56 есе артық. Бұрын шоттардың 90%-ын Алматы қаласының тұрғындары ашатын болса, бүгінде жағдай күрт өзгерген. Шот ашқандардың 68%-ы БҚО инвесторлары, одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы, Астана, Жезқазған, Қарағанды қалаларының тұрғындары 17%-ды, ОҚО 11%-ды, Шығыс Қазақстан облысы 4%-ды құрады.

«Қазпошта» АҚ-ның БҚ филиалы директорының орынбасары Гүлбаршын Дәрішеваның айтуынша, поштаның басты жұмысы - халыққа бағдарламаға қатысуға жағдай жасау, брокерлік қызмет көрсету, есепшот ашу. Бүгінде ағымдағы 534 шот ашылды. Мұның барлығы брокерлік шот болмаса да, адамдардың бағдарламаға қатысты кеңес алып, келешекте инвестор болуға талпынысын байқатады. Олардың көбі - зейнеткерлер, мемлекеттік мекеме-ұйымдардың және поштаның қызметкерлері. «Қазпошта» АҚ облыстағы филиалының 12 аудандық, 4 атыраптық, 14 қалалық бөлімшесі, автоматтандырылған 19 ауылдық бөлімше арқылы есепшот ашуға болады.

«Қазпошта» облыстық филиалының маркетинг және пошталық, қаржылық қызметтерді дамыту басқармасының бастығы Жұмағыз Ғабдуалиева облыс халқының бағдарлама жөнінде ақпарат, кеңес алуға ғана емес, брокерлік қызмет көрсету жөнінде келісімшарт жасауға, ағымдағы шот ашуға көптеп келе бастағанын тілге тиек етті. 2012 жылдың ішінде 700-ден астам брокерлік шот ашылды. Шот ашқан азаматтар бағдарлама бойынша ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуға қатысады. Сонымен қатар олар қазіргі нарықтағы акцияларды, пайларды сатып алуға құқылы. Ауылдықтар да бағдарламаға қатысуға құлықты. «Қазпошта» өкілдерінің айтуынша, Бөрлі, Жаңақала, Сырым, Қаратөбе, Ақжайық аудандары көш бастап келеді. Ал Тасқала, Қазталов, Жәнібек аудандары тұрғындарының белсенділігі төмендеу.

-Бағдарламаны бұқара арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Қазпоштаның» облыстық филиалымен, партияның қалалық, аудандардағы филиалдарымен бірлесе отырып, тамыз айында қоғамдық қабылдаулар өткізді. Бұл шараға «Жайықжылуқуаты» АҚ, Бөрлі аудандық пошта бөлімшесі және нұротандық депутаттық фракция мүшелері белсене қатысты. Қараша айында «Қазпошта» облыстық филиалымен, партияның жергілікті өкілдерімен бірге қоғамдық қабылдаулар өткізу жоспарланып отыр, - деді «Нұр Отан» облыстық филиалының өкілі Гүлжан Мұхтарова.

Облыс бойынша «Халықтық IPO» ақпараттық кампаниясының модераторы Светлана Тенишева жоспарланған таныстырылымдар мен дәрістердің уақытылы өткенін, бірақ промонүктелерде волонтерлер ақпарат таратуды жалғастыратынын айтып өтті.