ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында індет жұқтырған 39 жастағы жүкті келіншек Бөкей ордасы ауданынан санавиациямен жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, әйел бесінші балаға жүкті, көтергеніне 19 апта болған.
«Қазіргі кезде әйелдің жағдайы орташа ауыр. Коронавирустан толықтай емделуде. Қызуы қалыпты. Оттегіге тәуелді емес, өздігінен дем алады. Бәрі жақсы болады деп үміттенеміз», деді Н.Ахметова.
Бөкей ордасы ауданы Орал қаласынан 600 шақырым қашықтықта жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да желтоқсанда 50-ден астам баланың коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).