БҚО-да Индустрияландыру картасы бойынша 30 жоба іске қосылды - Н. Ноғаев

None
АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - БҚО-да 1,7 мың жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.

«Индустрияландыру картасы бойынша жалпы құны 257 млрд. теңгенің 35 жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар жүзеге асырылғанда 1750 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 30 жоба іске қосылды. Биылғы жылдың аяғына қарай 3 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр және 2014 жылы тағы екеуін тапсырамыз», - деді облыс әкімі.

Оның сөзіне қарағанда, іске қосылған 30 жобаның 21-і 50-100 пайыздық жобалық қуатына шықты, ал 9-ы 50 пайызға дейінгі жобалық қуатында жұмыс істеуде.

«Біз өз тарапымыздан бұл өндіріс орындарының толық жобалық қуатына шығуы бағытында тиісті жұмыстар атқарып жатырмыз», - деді Н. Ноғаев.