ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 18 инфекциялық стационарда коронавирус жұқтырған 501 науқас емделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткеніндей, соның ішінде Орал қаласындағы 5 ауруханада 422 адам ем қабылдауда.
Жансақтау бөлімінде жатқандар саны 37-ге жетті.
Соңғы тәулікте 63 адамнан індет табылса, 84 науқас жазылып шықты.
Бір аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 25,3 пайызға (161) өсіп кетті.
Басқарма мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері өңірде 15515 адам сырқаттанса, соның 55 пайызы (8531) Орал қаласында, 14 пайызы (2234) Бәйтерек, 11 пайызы (1759) Бөрлі ауданында тіркелген.
Індет басталғаннан бері облыс 24736 коронавирус жұқтырып, соның 19988-і емделіп шықты. 379-ы көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында карантиндік шектеулер күшейтілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).