ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында инсулинге тәуелді 57 бала есепте тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, балаларына қажетті дәрі-дәрмектің жетіспейтіні жөнінде шағым айтқан 15 ата-ана аталмыш мекемеге келген.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда диабетпен ауыратын балалар үшін де, ересектер үшін де инсулин жеткілікті. Әңгіме шприцтер туралы болып отыр. Ата-аналар сұраған №5 шприц жоқ, бары №6, №8 және №12 шприцтер ғана. Бұлардың бәрін бірыңғай дистрибьютор сатып алады.
«Помпа жүйесіне қатысты мәселе де туындап отыр. Бұлар қоймада болғанымен, оның жарамсыз екендігі жөнінде өндіруші компанияның өзінен хат келген. Сондықтан оны түгелдей ауыстыру керек. Бұл - барлық жерге ортақ жағдай. Жуық арада балаларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін арнайы мониторингтік топ құрылды», - деді Қ.Төсекбаев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).