БҚО-да инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 1,6 млрд. теңге жұмсалмақ

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру бағытында жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1,6 млрд. теңге бөлінді. 

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында БҚО әкімінің орынбасары Игорь Стексов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, соның ішінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 1,4 млрд. теңге, жеке кепілдендіруге 94 млн. теңге, гранттық қаржыландыруға 47 млн. теңге қаралған.

Сонымен бірге өткен жылы «Даму» қорымен бірлесе отырып, өңірлік қаржыландыру бағдарламасы іске қосылған болатын. Мұнда несиелер екінші деңгейлі банктер арқылы 8,5 пайыздық мөлшерлемемен берілуде. Күні бүгінге дейін 1 млрд. теңге несие үлестірілді. Мысалы, Зеленов ауданында атқа мінуді үйрету, иппотерапия, ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында қолға алынған «Sayat» этнотуристік орталығын құру жобасы қаржылай қолдау тапты. Сонымен қатар қала ішінде жүретін автобустарды жаңарту да маңызды. Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында жолаушылар тасымалдау үшін «Назтур» ЖШС несие есебінен 12 қазіргі заманғы автобустар алмақшы.

2017 жылы сондай-ақ «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның қатысуымен агроөнеркәсіп кешені жобаларын несиелеу де жалғасады. Бұл мақсатқа облыстық бюджет есебінен және аталмыш қор арқылы 300 млн. теңгеден бөлінбек. Оған қоса екінші деңгейлі банктер арқылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-дан 700 млн. теңге қосымша қаржы қаралмақ.

Айта кетейік, қазіргі кезде бизнес саласында 47 мың нысан болса, соның 41-і белсенді болып есептеледі. Экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі шағын және орта бизнесте орналастырылған. Биылғы жыл басынан бері олар 848 млрд. теңгенің өнімін өндірді.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бері 77,1 млрд. теңгені құрайтын 634 жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Кәсіпкерлердің 57 жобасына 2,7 млрд. теңгеге жетіспейтін инфрақұрылым тартылды. Мұның бәрі 27,4 мың жұмыс орнын сақтаумен бірге жаңадан 4,3 мың орын ашуға мүмкіндік берді.