ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданы Мичурин ауылында ит бес жасар қызды жарақаттады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Мичурин ауылдық округінің әкімі Бекқали Бержановтың сөзіне қарағанда, Алматы қаласынан көшіп келген тұрғын ротвейлер тұқымдас итін үнемі торға қамап ұстаған.
Аулаға серуенге босатқан сәтте қапысын тауып, көшеге шығып кеткен ит апалы-сіңлілі қыздарға тарпа бас салған. Сөйтіп бес жасар қыздың бетін жарақаттаған.
Ауыл адамдары арашалап, учаскелік полиция инспекторы түнгі сағат 12.00-де иттің иесін тапқан.
Тергеу барысында иттің барлық құжаттары талапқа сай рәсімделгені анықталды. Иттің қожайыны кінәсін мойындап, қандай талапқа да көнетінін айтып, кешірім сұрағаннан кейін тараптар өзара келісіп, баланың ата-анасы шағымданбаған.
Фото: pressa41.ru
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).