ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа байланысты 100-ден астам адам бақылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен алынған мәліметке қарағанда, қазіргі кезде 104 адам бақылауда.
Соның ішінде 16 адам 1 «а» санатына (Франция, Иран, Италия, Испания, Германия елдерінен ұшып келгендер) жатады. Бұлардың бәрі де 14 күндік карантинде.
Сол секілді 1 «б» санатына кіретін 24 адам үйде оқшаулауда. Үй карантинінде болатын бұлар халық көп жиналатын жерлерге бармайды. Ал 2-санаттағы 63 адам үйлерінде, олардың жағдайын медицина қызметкерлері телефон шалып, біліп тұрады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда волонтерлер көп балалы аналарға маска мен антисептиктер таратқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).