ОРАЛ. ҚазАқпарат - Табиғат қорғау прокуратурасының ықпал ету актісімен БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті бұрғылау қалдықтарын заңсыз орналастырғаны үшін «Орал Ойл энд Газ» ЖШС-дан облыс бюджетіне 2,07 млрд теңге салық төлемін өндірді.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өнеркәсіп қалдықтарын жоятын кешеннің жоқтығына байланысты аталған серіктестік қауіпті бұрғылау қалдықтарын облыс аумағынан тыс жерге тасу үшін тасымалдаушы ұйымдармен келісім-шарт жасаған. Бұл аталған қалдықтардың рұқсат берілмеген жерлер: елді мекендер мен мемлекеттік қорықтар маңына, Орал қаласы мен Зеленов ауданының ауыл шаруашылығы жерлеріне бақылаусыз орналастырылуына «мүмкіндік берген».
ҚР Экологиялық кодексінің 283-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалар өздерінің қызметі нәтижесінде құралатын өндіріс және тұтыну қалдықтарының меншік иесі және соған жауапты болып табылады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).