ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «КамАЗ» көлігінің көпірден құлауына байланысты тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 19 шілде күні сағат 18.00 шамасында Зеленов ауданы Красноармейск ауылы тұсында болды.
1968 жылы туған С. «Юнисерв» ЖШС жүргізушісі Орал-Кирсанов тас жолының 52-шақырымында «КамАЗ» көлігінің руліне ие бола алмай, Ембулатовка өзеніндегі көпірден құлап кеткен. Соның салдарынан жүргізушіге қоса «Юнисерв» ЖШС жұмысшысы мен 1990 жылғы Ш. деген азамат оқиға орнында қаза болды.
Қазіргі кезде Приурал полиция бөлімі аталған оқиғаға орай, ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес тергеу амалдарын жүргізуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).