ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қараша айы басталғаннан бері 23 бала коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, бұл індеттің балалар арасында да күрт көбейіп отырғанын көрсетеді.
Бұдан бұрын қыркүйек айында 4, қазанда 5 баланың ауырғаны тіркелген болатын.
Облыста соңғы аптада 237 адам дерт жұқтырған. Соңғы тәулікте 45 адамның сырқаттанғаны белгілі болды.
Облыста індет басталғаннан бері 7274 адам ауырса, соның 6898-і жазылып шықты. 121 адам қайтыс болды.
Қазіргі таңда пневмонияға шалдыққан 150 адам емделуде.
Жұқпалы аурулар ауруханасында 115, карантиндік стационарда 35, жансақтау бөлімінде 10 адам жатыр.
Облыста резервте 2044 орын әзір.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да санитарлық посттар қойылатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).