БҚО-да қараша айында 460-қа жуық адамнан коронавирус анықталды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қараша айында 459 адамнан коронавирус табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, соның 51 пайызы (234) ЖРВИ белгілерімен тексерілген кезде белгілі болды.

Сондай-ақ 27 пайызы (125-і) профилактикалық мақсатта қаралса, 20 пайызы (94) бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған. Ал 2 пайызынан (6) стационарға жатқызар алдында сынама алынған.

Соңғы аптада (9-15 қараша) алдыңғымен (2-8 қараша) салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 23,5 пайызға (255-тен 195-ке) азайды.

Қараша айында 15 656 ПТР зерттеу (орта есеппен күніне 1043) жүргізілді.

Осы айда 59 оқушы мен 9 мұғалімнен, сондай-ақ арнаулы орта оқу орнында 6, ЖОО-да 6 студенттен індет анықталды.

«Облыс бойынша 1-15 қараша аралығында «Ashyq» жобасы аясында 51 адамның карантин талабын бұзғаны белгілі болды. Соның 44-і – «қызыл», жетеуі – «сары» мәртебесі бар адамдар. Карантин талабын бұзғандарға қатысты 831 345 мың теңгеге 19 әкімшілік хаттама толтырылды. Мониторингтік топтар да өз жұмысын жалғастыруда. «Мақпал», «Нарын» және «Голд» мейрамханалары бойынша үйлестіру орталығынын шұғыл хабар келіп түсті. Соны қарау нәтижесінде 400 мыңнан астам теңгеге 3 әкімшілік хаттама толтырылды. Бетперде режимін бұзғандарға да тиісті шара алынуда», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада 6 адамның коронавирустан көз жұмғанын жазған болатынбыз.