БҚО-да қаржылық пирамидалардан 1 мыңнан астам тұрғын зардап шеккен

Фото: Видеодан алынған кадр

ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен биылғы жыл басынан бері 23 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.

Департамент басшысының орынбасары Жандос Кенжебаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, құқық бұзушылық салдарынан келтірілген залал көлемі 2 млрд теңгеден асқан. Ал заң бұзушылар қылмыстық жолмен 1,3 млрд теңге пайда тапқан.

Жыл басынан бері 36 қылмыстық іс өндірісте болса, 17-сі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру деректері бойынша бірқатар іс қазіргі кезде сотта қаралып жатыр.

- Азаматтарды қаржылық пирамидадан қорғау мәселесіне ерекше тоқталғым келеді. Қаржылық мониторинг органдары қабылдаған шараларға қарамастан, адамдар күдікті кәсіпорындарға қаржы салуды жалғастырып жатыр. Соңғы үш жылда департаментпен қаржылық пирамидаларды құру дерегі бойынша 13 қылмыстық іс тіркелді. Жәбірленушілер саны – 1 мыңнан астам, олар – облыс тұрғындары. Келтірілген залал 1,1 млрд теңгеден асады. Соның ішінде 9 іс бойынша айыптау үкімі шығарылса, қалғандары өндірісте, - деді Ж.Кенжебаев.

Оның айтуынша, сонымен қатар салымшылардан алынған 76 млн астам теңге көлеміндегі кірістерді заңдастыру деректері анықталды. Осы орайда айыпталушылардан 113 млн теңгенің мүлкі тәркіленді.

Департамент басшысының орынбасары қаржылық пирамиданы ұйымдастырып, оған басшылық еткені үшін ғана емес, ҚР ҚК 217-бабына сәйкес жарнама жасағаны үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді. Жарнама жасаған адам құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай ірі көлемде айыппұл салуға және 4 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға жазаланады.

- Биыл қаржылық пирамиданы жарнама жасау дерегі бойынша 1 іс тіркелді. Сондай-ақ «Киберқадағалау» жүйесі арқылы 545 сайт пен WhatsApp желісіндегі 957 қатысушысы бар чат жойылды. Сол секілді заңсыз ойын бизнесі де оған қатысушыларға орасан зор зиянын тигізеді. Интернеттің дамуымен жастар желіде ойнауға көшті. Бұған жол бермеу үшін сайттар мен беттерді бұғаттау бағытында шаралар қабылданып жатыр. Биылдың өзінде 275 сайт бұғатталып, 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп қосты Ж.Кенжебаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да кітапхана есепшілері мемлекетке 46 млн теңгеге жуық залал келтіргенін жазған едік.