БҚО-да кәсіпкерлерге 6 пайызбен несие берілмек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 300,3 млн теңге несие берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Жалмағамбетовтің айтуынша, несиелер екінші деңгейлі банктерден 6 пайызбен беріледі.

Жыл басынан бері 213,3 млн теңгені құрайтын 14 несие берілді.

Өткен жылы 315,5 млн теңгені құрайтын 29 шағын несие үлестірілсе, соның 21-і (233,5 млн теңге) - старт-ап жобалар.
 

Жалпы, облыста 48 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркелсе, соның 37 мыңы жұмыс жасап тұр. Оларда 111 мыңға жуық адам еңбек етуде.

Мемлекет басшысы шағын кәсіпкерлік кәсіпорындарының ішкі айналым өніміндегі үлесін 2050 жылға дейін 50 пайызға дейін жеткізу тапсырмасын алға қойғаны мәлім. 2016 жылдың қорытындысымен оның үлесі өңірде 41,9 пайызға жетті. Бұл жөнінен облыс республика бойынша көш басында тұр.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері кәсіпкерлердің 99,1 млрд теңгені құрайтын 831 жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды. Оған қоса 2,7 млрд теңге болатын 57 жоба жетіспей тұрған инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Бұл 28,2 мың жұмыс орнын сақтауға және жаңадан 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

«Соңғы екі жылда ауыл кәсіпкерлерінің бағдарламаға қызығушылығы артқанын атап өтуге болады. Ауылдық жерлерден барлығы 36 млрд теңгені құрайтын 328 жоба мақұлданса, соның 81-і (7,4 млрд теңге, қолдау тапқан жобалар санының 44 пайызы) өткен жылдың үлесіне тиеді», деді А.Жалмағамбетов.