БҚО-да кәсіпорын директоры жұмыссыздарға берілетін несие бойынша 18 млн теңге алған

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО-да «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаларын жүзеге асыру барысында заңбұзушылықтардың орын алғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соңғы үш жылда жұмыспен қамту орталықтары арқылы 3 933 адам қысқа мерзімді кәсіби оқуға жіберіліп, сол үшін бюджеттен 625,9 млн теңге бөлінген.

Алайда солардың 1 131-і немесе 28 пайызы ғана жұмысқа орналасты, оның 300-ден астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді.

Тексеріс нәтижесінде жұмыспен қамту мәліметін жасанды түрде асыра көрсетіп, жұмыссыздар санын төмендетуге қатысты 61 дерек анықталды. Мысалы, еңбекпен қамтудың жеке картасына сәйкес 2017 жылғы 1-30 маусым аралығында Ф. деген жұмыссыз уақытша қоғамдық жұмысқа орналасты делініп, жұмыссыздар есебінен шығарылған. Әйтсе де ол жұмысқа орналаспаған, қоғамдық жұмысқа тарту туралы келісімшарт жасалмаған, еңбекақы, зейнетақы және әлеуметтік ақылары төленбеген.

Оған қоса қоғамдық жұмыс орындарына жалған орналастырудың 11 дерегі анықталды. Айталық, Х. деген азамат аудандық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, жыл басында ауылдық округ әкімдігі аппаратына қоғамдық жұмысқа жіберіліп, сол жерде 6 ай бойы «жұмыс істеген». Шын мәнісінде ол осы мерзімде Ақтау қаласындағы кәсіпорында еңбек еткен.

Сонымен қатар тексеру жекелеген адамдарға несиенің негізсіз берілгенін көрсетті. Атап айтқанда, Н. деген азамат кәсіпорын директоры бола тұра, өзін-өзі қамтушы есебінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысушы ретінде тіркелген. Осылайша ол мемлекеттік қолдау аясында 18 млн теңге несие алған.

Сол секілді Б. есімді жеке кәсіпкер әлеуметтік жұмыс орындарын ашу үшін 9 мәрте заңсыз несие алған. Іс жүзінде ол әлеуметтік жұмыс орнын ашпаған болып шықты.

Барлығы 100-ге жуық заңбұзушылық бойынша оларды жою және кінәлі лауазымды қызметкерлерді жауапқа тарту мақсатында прокурорлық ықпал ету актілері енгізілді.

Прокурорлар 12 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.