БҚО-да кәсіпкерді алдаған мемлекеттік қызметшіге 5 млн теңге айыппұл салынды

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қалалық сотында ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпталған мемлекеттік қызметшіге қатысты үкім шықты. 

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жолды күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс ойнатылатынын естіген ЖШС директоры қатысуға шешім қабылдаған. 

Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу порталында балдық есептік көрсеткішке сәйкес жеңімпаз болып танылған. Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аталған ЖШС арасында келісімшарт жасалып, шотына аванс жіберілген.

«ЖШС директоры келісімшарт бойынша аванстың қалған бөлігі қашан түсетінін сұраған кезде басқарманың бас маманы уәкілетті тұлға бола отырып, алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатын көздеген. Атап айтқанда, келісімшарт негізінде авансты төлеу оның қызметтік міндеттеріне кірмейтінін және оған ықпал жасай алмайтынын біле тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланып, аванс бөлігін төлеймін деп, 500 мың теңге сұраған. Басқарманың бас маманы ЖШС директорын алдап, «Kaspi Bank» АҚ-дағы шотына аударған 500 мың теңгені жымқырып, алаяқтық жасаған. Сот отырысы барысында сотталушы өз кінәсін мойындады. Сот ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, оған 5 млн теңге мөлшеріндегі айыппұл жазасын кесті. Үкім заңды күшіне енді», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын дәрігердің салғырттығынан БҚО тұрғыны аяғынан айырылғанын жазған болатынбыз.