Бүгін сағат 16.00 шамасында Теректі ауданының орталығы Федоров ауылындағы «Димар» сауда орталығының шатыры құлады. Ғимаратта дәріхана да орналасқан. Шатыр құлаған кезде сол маңда адамдар болмаған. Кейін сауда орталығының маңы қоршалып, тиісті қауіпсіздік шаралары алынды.
Зеленов ауданы Янайкин ауылында төрт үйдің қора-қопсысы мен қыстан қалған шөптері жанып кетті. Үйдің төңірегін тазалап, қоқысын өртеген тұрғын қатты желді ескермеген. Ауылдық округ әкімі Исатай Мұғалбаевтың айтуынша, келген шығын есептелуде.
Бүгін Орал қаласында да оқыс оқиға болды. Көшелерде бағдаршамдар мен теректер, жарнама қалқандары құлады.
Орал-Атырау күре жолы бойындағы «ОРАЛ» деген жазудың екі әрпі ұшып кеткен.
Қаланың бірқатар аудандарында электр жарығы болмай, қайта жанды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі осындай оқиғалар жөнінде мәліметтер жинақталып жатқанын жеткізді.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, Ә.Әйтиев көшесі бойында орталық базар ауданында желден қақпа ашылып кетіп, қыз баланың басынан соққан. Бұл жөнінде жедел жәрдем стансасына сағат 15.48-де қоңырау түсті. Бассүйек-ми жарақатымен 2008 жылғы қыз бала қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Кейін ол амбулаторлық емдеуге үйіне жіберілді.
Еске сала кетейік, өңірде желдің күшейетіні жөнінде кеше ТЖ департаменті ескерту жариялаған болатын.