БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Е.Сапаров ҚР Экология кодексінің талаптарын бірнеше рет бұза отырып, белгіленбеген жерлерге қауіпті өндірістік қалдықтарды төккен «Грин Ақсай» ЖШС-ға қатысты шара қабылдамаған. Е.Сапаровтың өндіріс қалдықтарының заңды түрде сақталып отырғандығы және «Грин Ақсай» ЖШС тарапынан экологиялық заңнаманы бұзушылықтың орын алмағандығы туралы қорытындысы ҚР Энергетика министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті мамандарымен негізсіз деп танылды. Сөйтіп оның аталған ЖШС-ның мүддесін жақтағаны белгілі болды.
БҚО прокуратурасы «Грин Ақсай» ЖШС-ның экологиялық заңнаманы бұзушылықты жалғастыруына байланысты оның қызметін тоқтату мәселесін қойғанымен, Е.Сапаров тиісті шараны қабылдаған жоқ.
Тек прокуратура органдарының араласуынан кейін ғана БҚО бойынша экология департаменті ЖШС қызметін тоқтату туралы талап-арыз беруге мәжбүр болды.
БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен департаменттің «Грин Ақсай» ЖШС қызметін тоқтату туралы талабы қанағаттандырылды. БҚО сотың апелляциялық сот алқасының қаулысымен бұл талап өз күшінде қалды. Сот актісі заңды күшіне енді.
Осылайша Е.Сапаров мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға барып, соның ішінде шешім қабылдау кезінде «Грин Ақсай» ЖШС-ға заңсыз артықшылық көрсеткен, яғни «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңы 50-бабы 1-бөлігі 4-тармағына қоса экологиялық заңнаманың негізгі талаптары (кодекстің 5-бабы 2, 4, 5, 6, 7-тармақтары) бұзылған.