ОРАЛ. 10 қазан. ҚазАқпарат - Қайырымдылық айлығына теректілік кәсіпкерлер де атсалысуда. Аудан басшылығының ұйымдастыруымен «Орал-Агро-Сервис» ЖШС аудан орталығындағы 170 отбасына тегін пияз таратты.
Олардың арасында жалғы басты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар және табысы аз көпбалалы отбасылар бар.
Қайырымдылық шарасының шарапатын сезінген Феодоров ауылының тұрғындары аталған серіктестіктің басшылығына және аудан әкімі Арман Өтеғұловқа алғыстарын білдіруде.
Өткен жылы аудан аумағынан жалға жер алған «Орал-Агро-Сервис» ЖШС биылғы маусымда 105 гектар жерге пияз, 15 гектар жерге қауын-қарбыз өсіріп, қазір мол өнім жинауда. Аталған шаруашылық құрылымы 105 гектар жерден 3,5-4 мың тоннаға дейін өнім аламыз деп жоспарлап отыр. Қазір облыс орталығынан алған қоймаға күніне 100-150 тоннаға дейін пияз жөнелтеді. «Шілде айының басындағы ауа райының қолайсыздығы мен бұршақ жаумағанда, бұдан да жоғары өнім жинайтын едік», дейді осы серіктестіктің технологы Вячеслав Ким. Осылайша теректілік бағбан едәуір алқапқа көкөніс өсіріп, облыстағы пияздың бағасын арзандатуды көздеп отыр. Келер жылы пиязбен қоса қырыққабат, сәбіз, картоп егуді де қолға алмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).