БҚО-да қазақстандық кадрларды оқыту үшін компаниядан 1 млрд теңге өндірілді

Фото: Бас прокуратура

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жер қойнауын пайдалану туралы заңнама аясында қазақстандық кадрларды даярлау жөніндегі міндеттеменің орындалмағанын анықтады.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР кодексінің 129-бабы 1-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар жыл сайын қазақстандық мамандарды оқытуды қаржыландыруға көмірсутек шикізатын өндіруге жұмсалатын шығындардың кемінде 1 пайызын жіберуге міндетті.

Алайда «Урал Ойл энд Газ» ЖШС 2022-2023 жылдары бұл міндеттемені орындамаған болып шықты, салдарынан 1 млрд теңге көлемінде берешек пайда болды.

- Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 185 және Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 17 мамырдағы № 211 бірлескен бұйрығымен бекітілген қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидаларына сәйкес берешек мемлекеттік бюджетке қаражат аудару жолымен өтелуге тиіс. Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесі бойынша сот тәртібімен «Урал Ойл энд Газ» ЖШС-нен берешек түгелдей өндірілді. Қаражат толығымен бюджетке аударылды. Бұл қаржы қазақстандық азаматтарды, соның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын даярлау мен оқытуға бөлінді, - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 600-ден астам білім қызметкерлерінің құқығы бұзылғаны анықталғанын жазған болатынбыз.