ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық сотының үкімімен М.Шамғонов ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 10 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, сотталушы мен жәбірленуші Т.Жүкеев өткен жылдың 31 желтоқсаны күні жаңа жылды М.Шамғоновтың үйінде қарсы алуға ұйғарады.
Арақ ішу барысында екеуінің арасында келіспеушілік туындап, оны шешу үшін дәлізге шығады. Сол кезде М.Шамғонов ас үй пышағымен Т.Жүкеевтің жүрек тұсынан ұрады. Соның салдарынан марқұм сол жерде жан тапсырады.
Таныстары мен достарының сөзіне қарағанда, сотталушы сабырсыз жан болған, ашу үстінде бірнеше рет қолына пышақ алған. Сонысы ақыры түбіне жетіп тынды.
Оқиға орын алысымен М.Шамғонов телефонын әйеліне беріп, полиция мен жедел жәрдем шақыру керектігін айтады. Бірақ бәрі кеш еді.
Сот талқысында айыпталушы кінәсін мойындады.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).