БҚО-да кісі өлтіру де, ұрлық пен есірткі қылмысы да орын алды

None
ОРАЛ. 19 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында өткен аптада кісі өлтіру де, ұрлық пен есірткі қылмысы да орын алды.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 11 сәуірде ұрылар Оралдағы «Вираж» дүкеніне кіріп, 91 мың теңге мен азық-түлік өнімдерін қымқырып кеткен. Честер атты қызмет итінің (кинолог Ермек Бабанов) көмегімен ішкі істер бөлімінде есепте тұратын 37 жасар ер адам мен 23 жасар жігіт қолға түсті. 17 сәуір күні «Қуаныш» дүкенінен белгісіз ер адам 50 мың теңгені ұрлап кеткен. Бұл бұрын сотталған, нашақор ретінде есепте тұратын 28 жасар Н. болып шықты. Осындай бірнеше ұрлықтың ізі суымай ашылды.

Облыстық аурухананың жарақат бөліміне 12 сәуір күні кешкісін пышақтан іш құрылысы зақымданған 33 жасар ер адам түсіп, есін жия алмастан көз жұмды. Өлімге соқтырған ауыр дене жарақатын салғаны үшін марқұмның Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында тұратын 38 жасар ағасы ұсталды.

Орал қалалық ішкі істер басқармасы есірткі бизнесімен күрес бөлімінің қызметкерлері 16 сәуірде Оралдағы Әбубәкір Кердері мен Еуразия көшелерінің қиылысында түрмеден мерзімінен бұрын босаған 32 жасар М-ны қолға түсірді, одан есірткінің күшті түрі болып есептелетін 1,33 грамм героин тәркіленді.