БҚО-да қызылша жұқтырған 56 адам стационарда емделіп жатыр
Батыс Қазақстан облысында биыл 307 адам қызылша дертіне шалдықты, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, облыста эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болып отыр.
Оның сөзіне қарағанда, қызылшамен ауырғандардың 65,7 пайызы (202) – 14 жасқа дейінгі балалар, 8,4 пайызы (26) – жасөспірімдер, 25,7 пайызы (79) – ересек адамдар.
«Аурулардың басым бөлігі (207-сі) Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бөрлі ауданында – 40, Сырымда – 21, Бәйтеректе – 13, Ақжайықта – 8, Казталов пен Теректіде – бес-бестен, Тасқалада – 3, Шыңғырлауда – 2, Жаңақала мен Қаратөбеде 1 адамнан сырқаттанғаны тіркелді. Бұлардың 81,4 пайызы екпе алмаса, соның ішінде 10,4 пайызы – екпе жасына жетпегендер, 24,4 пайызы – егу туралы мәліметі жоқтар, 29,3 пайызы – екпеден бас тартқандар, 17,2 пайызы – медициналық қарсы көрсетілімдер себебінен екпе алмағандар», - деді Н.Мұстаев.
Департамент мәліметі бойынша ұжымдар арасында инкубациялық кезеңде тұрған ошақтар саны 29 болса, соның 12-сі – балабақшалар, 16-сы – мектептер, біреуі – жоғары оқу орны (3 студент).
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллинаның айтуынша, қазіргі таңда стационарларда 56 науқас ем алып жатса, соның 36-сы – балалар, 17-сі – ересек адамдар, үшеуі – жүкті әйелдер. Бір баланың жағдайы ауыр болса, қалғандарының халі орташа.
«Қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы – халықты вакцинациялау. Барлық балалар қызылшаға қарсы екпе алуы керек. Қосымша жаппай иммундау басталғаннан бері 2 583 бала егілді. Биылғы 9 қарашадағы мәлімет бойынша қызылшаға қарсы профилактикалық екпеден бас тартқандар саны 4 676 болса, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 1 101-ге азайып, 3 575 бала қалып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деді А.Ғұбайдуллина.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны көбейіп отырғанын жазған болатынбыз.