ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында қызылшаға шалдыққан адамдар саны көбейіп отыр.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жыл басынан бері күні бүгінге дейін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 57 адам жатқызылды. Соның ішінде 38-і жазылып шықты.
– Қазіргі таңда стационарда 19 адам жатса, соның 18-і – балалар, біреуі – ересек адам. Соның ішінде екі бала реанимация және қарқынды терапия бөлімінде емделіп жатыр. Барлық науқас дәрігерлердің бақылауында, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 25 адамның қызылшамен ауырғаны расталғанын жазғанбыз. Онда өңірде жыл басынан бері 29 адамның қызылшамен ауырды деген күдікпен тіркелгені айтылған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).