БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Мира Қауымбаеваның мәлім еткеніндей, қызылша жұқтырғандар саны өңірде айтарлықтай өскен.
Мира Нұрланқызының сөзіне қарағанда, былтыр облыста осы мерзімде 18 науқас тіркелген еді. Осылайша, аурушаңдық көрсеткіші 16,83 есеге артқан.
— Бұл жағдай қызылша инфекциясының таралуына жол бермеу және профилактикалық шараларды күшейту қажеттігін көрсетеді. Қызылша — ауа-тамшы жолы арқылы таралатын, жұқпалылығы өте жоғары вирустық инфекциялық ауру. Ауру, әсіресе, балалар арасында жиі кездескенімен, қызылшаға қарсы екпе алмаған ересектер де жұқтыруы мүмкін. Инфекция ауыр асқынуларға, соның ішінде өкпенің қабынуына, құлақтың қабынуына және мидың зақымдануына әкелуі ықтимал, — дейді Мира Қауымбаева.
Оның айтуынша, қызылшаның негізгі белгілері: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, мұрыннан су ағу, жөтел, көздің қызаруы, жарыққа сезімталдық. Сондай-ақ ауыз қуысының шырышты қабатында ақшыл дақтар пайда болып, бөртпе беттен басталып, кейін бүкіл денеге таралады.
Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда өздігінен емделуге болмайды. Дереу медициналық көмекке жүгініп, емханаға барар алдында дәрігерге телефон арқылы хабарлау қажет. Бұл басқа адамдарға инфекция жұқтыру қаупін азайтады.
Маманның нақтылауынша, қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы — вакцинация. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация балаларға 12 айында және 6 жасында жүргізіледі. Егер бала қандай да бір себеппен екпеден қалып қойса, ата-аналар тіркелген емханасына хабарласып, вакцинациялау мәселесін шешуі қажет.
— Сонымен қатар аурудың алдын алу үшін балалардың жоспарлы екпелерін уақытылы алуын қамтамасыз етіп, екпе мәртебесін тексерген абзал. Оған қоса науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеп, қоғамдық орындарда жеке гигиена талаптарын сақтаумен бірге бөлмелерді жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу маңызды. Ата-аналарға балалардың профилактикалық екпелерін алуды кейінге қалдырмау керектігін еске саламыз, — деп қосты Мира Қауымбаева.
Еске салайық, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 30-дан астам адамның тұмаумен ауырғаны расталғанын жазған едік.