БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (18) 280-ге артық.
Гүлдана Қайыржанқызының сөзіне қарағанда, қызылша жұқпасына шалдыққандардың басым көпшілігі – уақытылы екпе алмағандар.
- Ауырғандардың 252-сі Орал қаласында тіркелген. Сондай-ақ 15-і Бәйтерек, 10-ы Бөрлі, 9-ы Теректі, төртеуі Казталов, екі-екіден Қаратөбе, Сырым, Жаңақала, біреуі Шыңғырлау ауданының үлесіне тиеді, - деді Г.Кереева.
Оның айтуынша, сонымен қатар паразиттік жұқпалардан аскаридоз 5, эхинококкоз 5, лямблиоз 12 дерекке көбейген.
Есесіне жіті ішек жұқпалары – 44, желшешек – 1614 (54 пайыз), сальмонеллез – 26, менингококк – 1, жіті А вирусты гепатиті – 2, созылмалы вирусты гепатиттер – 30, АИТВ – 20, жедел респираторлық вирустық инфекциялар – 24 317 (26,69 пайыз), тұмау – 157, ковид-19 8 дерекке азайды.
- 2024 жылдан бастап жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жүріп жатыр. Қазіргі таңда облыс бойынша 11-17 жас аралығындағы 10 009 қыз бала вакцина алды. Жеті айдың қорытындысы бойынша облыста бекітілген халық тізіміне сәйкес мақсатты топ балалары профилактикалық екпелермен 93,8 пайызға қамтылды, - деп қосты Г.Кереева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бруцеллезден сақтанудың жолдары қандай екендігін жазған едік.