БҚО-да қызметтік көліктердің жылдамдық асыру деректері көбейген

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта қызметтік автокөліктердің жүру жылдамдығын асырып, 119 бұзушылық жасағаны тіркелді.

Фото: ЖИ

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің бас маманы Дулатбек Молдағалиевтің әдеп жөніндегі кеңестің отырысында мәлім еткеніндей, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабын (белгіленген жүру жылдамдығын арттыру) бұзушылықтың 21-і орталық мемлекеттік органдарға, 91-і жергілікті атқарушы органдарға, жетеуі мәслихаттарға тиесілі.

Оның сөзіне қарағанда, Бәйтерек ауданының жергілікті атқарушы органдарында – 13, Теректіде – 8, Сырым аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және БҚО құрылыс басқармасында – 5, Орал қаласы мен Ақжайық ауданында – 4, Бөкей ордасында 3 бұзушылық орын алған.

– 119 бұзушылықтың 22-сі қызметтік автокөліктерді қызметтен тыс уақытта, демалыс және мереке күндері пайдалануға қатысты болды. Мұның төртеуі Ақжайық, үшеуі Бөкей ордасы, екеуі Жәнібек ауданы, бір-бірден Ұлттық статистика бюросы БҚО бойынша департаменті мен Қаратөбе аудандық мәслихатына тиесілі болып шықты, – деді Д.Молдағалиев.

Бас маманның айтуынша, аталған деректерді талдау нәтижесі өңірдегі мемлекеттік органдарда жауапты лауазымды тұлғалардың қызметтік автокөліктің қозғалысы мен пайдаланылуына тиісінше бақылау жасамайтынын көрсетеді. Соның ішінде қызметтік автокөліктерді мақсатсыз пайдалану және жол жүру қағидаларын, әсіресе, түнгі мезгілде бұзу тыйылмай отыр.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында сондай-ақ Казталов ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұхамбетованың тәртіптік ісі қаралды. Ол қарауында жұмыс істейтін бас маман Нығметоваға қызмет барысында «Сіз өз қателігіңізді түзетудің орнына маған дауыс көтеріп, мынандай сөзді қалай айтып тұрсыз? Жынды екенсіз ғой», деген.

Әдеп нормасына сай келмейтін сөздерді айтқаны үшін А.Мұханбетоваға ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да автокөлікке масаң күйде отырған ауыл әкімі қызметінен босатылғанын жазған едік.