БҚО-да қоғамдық кеңестер құрамы бекітілді (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 23 ақпан күнгі 31-сессиясында БҚО-дағы қоғамдық кеңестер туралы ереже мен кеңес құрамы бекітілді.

Облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшардың айтуынша, қоғамдық кеңестер өңірлерде Елбасы тапсырмасына және «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң негізінде құрылуда. Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының конкурсына сәйкес мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және коммерциялық емес ұйымдардан барлығы 55 азамат ұсынылған. Солардың ішінен іріктеуден өтіп, комиссия мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде 41 адам қоғамдық кеңес құрамына кірсе, соның 13-і - мемлекеттік органдар өкілдері, 13-і - аудандар мен қала қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, 15-і - үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдар өкілдері. Кеңес құрамында қазақ, орыс, әзірбайжан, корей және еврей ұлтының өкілдерінен тұратын 32 ер, 9 әйел адам бар. Батыс Қазақстан аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов кеңес төрағасы, кәсіпкер, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының директоры Ақсерік Әйтімов хатшысы болып сайланды.

Сессия соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, 1945 жылы Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысқан, ұзақ жылдар бойы БҚО прокурорының орынбасары қызметін атқарған Иван Гапичке «БҚО-ның құрметті азаматы» белгісін табыс етіп, лентасын тақты. Осымен мұндай жоғары атақ он бірінші адамға беріліп отыр.

Өңір басшысы сондай-ақ бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттарына жемісті қызметі үшін алғысын білдірді. Бір топ депутат Батыс Қазақстан облысының құрмет грамоталарымен марапатталды.

Айта кетейік, Орал қалалық мәслихатының 22 ақпан күнгі өткен 43-сессиясында депутаттар тарапынан қолдау тапқан қалалық қоғамдық кеңестің құрамына 30 адам енді.