ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көктайғаққа байланысты жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигіАсхат Қыдыровтың айтуынша, сағат 22.00-ден бастап облыстық Чапаев-Жаңақала-Сайқын, сондай-ақ республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Қазталов бағытындағы жолдар жабылды.
«Көктайғақ салдарынан жағдай осындай болып тұр. Сірә, жолдар таңға дейін ашылмайтын шығар», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Қыдыров.
Өңір тұрғындарының сөзіне қарағанда, облыстың оңтүстік аумағында күн жауын-шашынды болып, соның салдарынан көктайғақ орын алуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көктайғақтың салдарынан 55 адам жарақат алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).