ОРАЛ. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл көктемгі егіс және егін ору жұмыстарын жүргізу үшін жанар-жағармай құнын арзандатуға 454,7 млн. теңге бөлінді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, облыста «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ дизельді отынды жеткізетін бірден-бір оператор болып белгіленді. Көктемгі егіс жұмыстары үшін Атырау мұнай өңдеу зауытынан 12 мың тонна дизельді отын литрі 82 теңгеден бөлінген. Наурыз айына 3 мың тонна берілсе, сәуірге - 5 мың, мамырға 4 мың тонна дизельді отын жеткізілмек.
Дизельді отын шаруашылықтарға аудан әкімдіктері бекіткен тізім бойынша үлестіріледі. Жанар-жағармайды уақтылы алып үлгерудің маңызы зор.
Дизельді отынды мал азығын дайындауға да жұмсауға болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).