ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Шалқар көлінде ағып кеткен 8 жасар бала үш күннен кейін табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 25 маусым күні сағат 15:50-де баланың денесі Теректі ауданы Рыбцех пен Шалқар ауылдарының арасында көл жағалауынан табылған.
«Баланы іздестіру жұмыстарына ТЖД күштерімен қатар, жергілікті тұрғындар, еріктілер жұмылдырылды. Қазіргі кезде сараптама тағайындалды. Соның қорытындысына сәйкес өлімнің себебі анықталады», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көлде жоғалып кеткен 8 жасар бала мен оның атасы ұшақпен іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.
Баланың атасы көп ұзамай аман-есен табылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).