БҚО-да көлік ұрлағандар құрықталды
16:00, 23 Қаңтар 2013
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының полицейлері жеке тасымалдаумен айналысатын жүргізушіге қарақшылық шабуыл қылмысын ашты.
Бұл туралы бүгін брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты.
Оның баяндауынша, 16 қаңтара сағат 18.00-де «Фольксваген гольф» автомашинасына мінген екі жолаушы жүргізушіні пышақпен қорқытып, ұрып-соғып, оның автомобилін айдап кеткен.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде оның автомобилі бүлінген күйде Деркөл ауылының автобус аялдамаларының бірінде табылды. Кейінгі іздестіру іс-шаралары барысында 20 және 30 жастағы екі күдіктіні ұстады, олар өздерінің кінәларын мойындады», деді ІІМ Баспасөз хатшысы.
Оның мәліметінше, ұсталғандар Орал қаласының УҰИ-ына қамауға алынған. Дәлелдеу базасын нығайту бойынша жедел-іздестіру іс-шаралар кешені жүргізілуде.