ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында көліктік бақылау инспекциясының үш қызметкері пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен мәлім еткеніндей, қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Аталмыш инспекцияның лауазымды қызметкерлері Т. деген азаматтан Ресей Федерациясынан келе жатқан шамадан тыс жүк (астық) тиелген ауыр жүк көліктерінің Самара-Шымкент автожолы арқылы көліктік бақылаудың жылжымалы бекетінен кедергісіз өтуі үшін бірнеше рет пара алды деп айыпталып отыр. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат таратуға жатпайды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да полиция қызметкері пара алды деген күдікке ілінгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).