ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында автокөлік ер адамды қағып кетті.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 29 қараша күні шамамен сағат 20.10-да Орал-Бузулук жолының 1-шақырымында болды.
«Жүргізуші Hyundai Tucson автокөлігімен белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол апаты салдарынан ер адам оқиға орнында қаза тапты. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеді. Оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жолдың осы бөлігі қараңғы, жарықтандырылмаған. Өткен жылы күзде де осындай оқиға болып, ер адам көз жұмған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қыздың көпірден секіруіне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).