БҚО-да көлікті мас күйде жүргізген полиция қызметкері жүргізушілік құқығынан айырылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында полиция қызметкеріне қатысты қаулы шығарылды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Орал қаласы полиция басқармасының қызметкері, полиция майоры қызметтік автокөлігін мас күйінде жүргізген.
Оған қоса инспекторлардың тоқтау туралы заңды талабын орындамай, оқиға орнынан бой тасаламақ болған.
Полиция қызметкеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне (мас күйінде көлік жүргізу) және 613-бабы 1-бөлігіне (полиция қызметкерлерінің тоқтау талабын орындамау) сәйкес айып тағылды.
- Сот шешімімен полиция майоры 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, оған 157 280 теңге көлемінде айыппұл салынды. Істің материалдары тәртіптік жауапкершілік мәселесін шешу үшін БҚО полиция департаментіне жолданды. Аталмыш кодекстің 32-бабының ережелеріне сәйкес полиция қызметкерлеріне әкімшілік қамау қолданылмайды. Сондықтан жаза айыппұл мен жүргізуші куәлігінен айырумен шектелді. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да экс-шенеуніктің сот шешімімен қызметтік үйден шығарылғанын жазған едік.