ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бәйтерек ауданында колледж ғимараты опырылып түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат 12.30-да Калинин ауылы Киров көшесі 19-мекенжайында орын алды.
Зеленов колледжінің 1980 жылы салынып, тозған үш қабатты №5 корпусының бір бөлігі опырылып құлаған. Оның аумағы 80 шаршы метрді құрады.
«Құрылысконсалтинг» ұлттық орталығы сарапшы комиссиясының 2015 жылғы 28 тамыздағы №41 қорытындысына сәйкес аталған ғимарат апатты жағдайда деп танылып, онда оқу тоқтатылған болатын.
Оқиғадан зардап шеккендер жоқ.
«Қазіргі кезде ғимаратты бұзу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалуда», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).