БҚО-да коммуналдық қызметтерге 58 арнайы техниканың кілті табысталды

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО әкімі Нариман Төреғалиев облыс бойынша коммуналдық мекеме қызметкерлеріне 58 арнайы техниканың кілтін табыстады.

Фото: БҚО әкімі баспасөз қызметі

Атап айтқанда, коммуналдық қызмет саласына қажет техникалардың түрлері – автокран, кран-манипулятор, көшпелі электротехникалық лаборатория көлігі, автогидрокөтергіш, автобус және тағы басқалары бар. Арнайы техниканың 20-сы облыс аудандарына жіберілсе, қалғандары «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-нің еншісінде қалмақ. 

Фото: БҚО әкімі баспасөз қызметі

«Мемлекет басшысының электр желілерін жаңғырту бойынша алға қойған міндеттерін орындау аясында «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» үшін 58 бірлік техника сатып алынды. Бүгінде коммуналдық қызмет саласын дамыту үшін мемлекет коммуналдық шаруашылықтар мен кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға барынша көңіл бөліп жатыр. Бүгінде техникалары жаңартылуда. Бұл бағытқа жергілікті бюджеттен 1,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі – өңір тұрғындары үшін ең маңызды және қажетті салалардың бірі. Күнделікті тұтынып жатқан электр энергиясы, ауыз су, кәріз желілерін пайдалану және басқа да игіліктер осы сала қызметкерлерінің арқасында мүмкін болып отыр», - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Жалпы облыс бойынша жылдан-жылға медицина, полиция, коммуналдық мекемелер, тағы да басқа салаларға берілген арнайы техникалардың саны артып келеді. Мәселен, осыдан бірер апта бұрын орман шаруашылығы 32 жаңа трактормен толықса, өткен жылы медицина саласына 81 автокөлік, Төтенше жағдай департаментіне 46, Полиция департаментіне 149 (биыл 17 бірлік) техника сатып алынды. 

Фото: БҚО әкімі баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімі баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімі баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімі баспасөз қызметі