БҚО-да Көрісу күні және Наурыз мейрамына орай жиналуға тыйым салынды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында мамандар Көрісу күні және Наурыз мейрамына орай адамдардың көп жиналмауы керектігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, 14 наурыз – Көрісу және Наурыз мерекелеріне орай жергілікті атқарушы органдар бағдарламалар дайындауда.

Нұрлыбек Мұстаевтың сөзіне қарағанда, бұл ретте адамдардың көп жиналмауы қажеттігі, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы міндетті түрде ескеріледі. Іс-шараны ұйымдастырушылар азық-түлік тағамдарын дайындамауы және таратпауы тиіс. Сондай-ақ әлеуметтік арақашықтық, бетперде режимі сақталады.

«Жаңа жылғы мейрамнан кейін коронавирусқа шалдығу көрсеткіші күрт көбейіп, облыс «қызыл» аймаққа кіргендіктен, шараларды қатаңдатуға мәжбүр болдық. Наурыз мейрамынан кейін осындай күйге тап болмас үшін тұрғындар қонақтық секілді көпшілік іс-шаралардан бас тартқаны дұрыс», - деді Н.Мұстаев.

Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде 4446 адам коронавирус жұқтырды. Ал 1 наурыздан бері 659 адамның індетпен ауырғаны анықталды. Олармен қарым-қатынаста болған 1524 адам медициналық бақылауға алынды.

Сырқаттанғандардың 226-сы немесе 34,2 пайызы бұрын ауырғандармен байланыста болса, 162-сі немесе 24,5 пайызы сауда үйлері, базарлар, медицина ұйымдары сияқты адам көп жиналатын орындарда, 185-і немесе 28 пайызы қоғамдық көлікте, 65-і немесе 9,8 пайызы той-садақаларға қатысқан кезде жұқтырған.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің нақтылауынша, қазіргі кезде инфекциялық ауруханаларда науқастың толуы 50 пайызға жуықтаған. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Оған қоса амбулаторлық ем алып жатқандар баршылық. 8 наурыз мейрамынан кейін аурушаңдықтың өскені байқалады. Соңғы тәулікте ғана 71 адам коронавирус жұқтырды.

«Әркім өз денсаулығына жауапты болуы керек. Сондықтан алдағы мейрамдар кезінде іс-шараларды бейнебайланыс, онлайн арқылы өткізуді ұсынамыз», - деді А.Қалибеков.