БҚО-да коронавирус қатеріне байланысты Шалқар көліне келушілерге шектеу қойылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-ның Теректі ауданында коронавирустың таралуына жол бермеу үшін шектеу шаралары қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теректі ауданы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Подстепный ауылында орналасқан барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметі тоқтатылды.

Сонымен қатар Сарыөмір ауылы маңындағы Шалқар көліне демалушылардың келуіне 30 маусымға дейін шектеу қойылды.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен түскен мәліметке сәйкес, Сарыөмір ауылына апаратын жолда блокпосттар орнатылды.

Бұдан басқа өңірде Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округінде ғана блокпост сақталып отыр, қалғандары алынды.

Облыста осы кезге дейін 469 ауру ошағында 1069 науқас анықталса, соның 883-і Оралда тіркелген. Сондай-ақ Бәйтерек ауданында – 51, Тасқалада – 32, Теректіде – 25, Бөрліде – 20, Сырымда – 19, Жәнібекте – 14, Ақжайықта – 10, Жаңақалада – 7, Бөкей ордасында – 4, Қаратөбе мен Шыңғырлауда 2 науқас анықталған.

Айта кеткен жөн, Шалқар көлінің суы шипалылығымен ерекшеленеді. Сондықтан оның жағасында демалушылар жаз кезінде көбейеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің үйінде оқшауланған қарияларға көмектесіп жүргенін жазған болатынбыз.