ОРАЛ. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желі арқылы таралған Жаңақала ауданында коронавирус тіркелді деген ақпарат жалған. Бұл туралы БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Департаменттен алынған мәліметке қарағанда, 18 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан келген студент қыздың температурасы көтеріліп, тамағы қышыған.
«Қазір қыздың температурасы түсті. Жағдайы қанағаттанарлық, дәрігерлердің бақылауында. Көрінеу жалған ақпарат таратқан адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз», деп хабарлады департаменттен.
Жалған ақпараттың ватсап желісі арқылы таралғанын Жаңақала ауданы әкімдігі де растады.
«Жұқпалы дертке жол бермеу мақсатында Алматы, Нұр-Сұлтан және басқа қалалардан келіп жатқан студенттерді тексеру жұмыстары жүргізілді. Коронавирус анықталған жоқ. Қауіпсіздік шаралары негізінде бір адам бақылауға алынды. Әлеуметтік желіге жалған ақпарат таратпау жөнінде ескертіп, тек ресми дереккөздерге ғана сенуді сұраймыз», делінген әкімдіктен келген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 89 адамның бақылауда екендігін жазған болатынбыз.
.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).