БҚО-да коронавирус жұқтырған 1700-ден астам науқас амбулаторлық ем алып жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 1740 науқас амбулаторлық ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, солардың 64 пайызында ауру жеңіл, 9 пайызында орташа деңгейде өтуде.

26 пайызы – симптомы жоқтар.

Оның сөзіне қарағанда, облыстық жедел жәрдем стансасына соңғы тәулікте барлығы 964 шақырту түссе, соның 139-ы КВИ-ге байланысты болды. Соның ішінде 54-і стационарға

жеткізілді.

Қазіргі таңда облыста 1459 төсектік 20 инфекциялық стационар 41 пайызға толған, оларда 598 адам емделуде.

Соның ішінде 109 төсектік жансақтау бөлімшелерінде 44 науқас ем қабылдауда. Бұлардың 39-ы ауыр және бесеуі аса ауыр халде жатыр. 29-ы жүрек-қан тамырлары аурулары, 11-і қант диабетіне шалдыққан.

Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 5, инвазивті емес осындай құрылғыға 22, оттегі концентраторына 26 адам қосылған.

Дертті болғандардың ішінен вакцина алмаған тұрғындардың саны – 99,5 пайыз.

«Індет басталғаннан бері өңірде коронавирус жұқтырған 35 552 науқастың 26 452-сі немесе 76,5 пайызы жазылып шықты. Соның ішінде 12 584-і стационарлық, 13 686-сы –амбулаториялық ем алғандар. Пандемия басталғаннан бері 659, биыл 490 адам қайтыс болды. Күні бүгін жансақтау төсектері мен жасанды тыныс алу аппаратында жатқан емделушілер ішінен вакцина алмағандар – 98 пайыз. Бұл вакцина алудың тиімділігін көрсетеді», деді Г.Әбдірахманова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада 20 адамның коронавирустан қайтыс болғанын, карантин талабын бұзғандарға 3,5 млн-ға жуық теңге айыппұл салынғанын жазған едік.