ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тіркелген соңғы алты науқастың бәрі де – медицина қызметкерлері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, олар коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлерін тексеру кезінде анықталды. Зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы нақтыланғаннан кейін барлығы да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
Науқастармен қарым-қатынаста болғандар медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Өңірде індетке қарсы шаралар жалғасуда.
Осылайша БҚО-да сырқаттанғандар саны 152-ге жетіп, соның 9-ы жазылып шықты. Ауырғандардың басым көпшілігі - Ресейден келгендер. 28-і - медицина қызметкері.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тағы 6 медицина қызметкерінен коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).