ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған өзбекстандық азаматтар болып шықты. Бұл туралы брифингте БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
М.Арыспаевтың айтуынша, 37 және 34 жастағы жүк көлігінің жүргізушілері 8 сәуір күні Мәскеуден келген.
Самара облысымен шекарадағы «Сырым» өткізу бекетінде эпидемиолог мамандар сауалнама жүргізіп, аталған екі адам жедел жәрдем көлігімен бірден провизорлық госпитальға жеткізілді. Екеуінен де кеше зертханалық сынама алынып, коронавирусқа шалдыққаны анықталды.
«Күніне 200-300-дей автокөлік өтетін «Сырым», сондай-ақ «Тасқала» және «Ақсай» өткізу бекеттерінде санитарлық-эпидемиологиялық шаралар күшейтілуде», деді М.Арыспаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық волонтерлердің полицейлер мен дәрігерлерге ыстық тамақ жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).